Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы "Қызылорда – Сексеуіл", "Ұлғайсын – Сексеуіл" және "Бейнеу – Сексеуіл" автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Телекөпір барысында Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.
"Еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Жалпы, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр "Достық – Мойынты" темір жолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. ", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.
"Өткен жылы еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл "Мойынты – Қызылжар" және "Дарбаза – Мақтаарал", ал келесі жылы "Бақты – Аягөз" теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, біз автокөлік саласына ерекше назар аударып отырмыз. Соңғы жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңғырту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай", "Қарағанды – Алматы", "Орталық – Оңтүстік", "Атырау – Астрахан", "Талдықорған – Өскемен", "Қалбатау – Майқапшағай" бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық автокөлік жүреді. Өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.
"Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен "Жезқазған – Қарағанды" автожолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды", – деді президент.
Қызылорда облысында 10 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Логистика юга: когда в Туркестанской области построят железную дорогу Дарбаза – Мактаарал