Тікелей эфир

Қызылорда қаласында жастар бастамалары белсенді жүзеге асып жатыр

Облыс орталығында 14 пен 35 жас аралығындағы 105 мың 321 жас тұрады.

Демек, бойында қуаты бар жастардың есті әрекеті елге жасалған игіліктің қайнар көзі болмақ. Бір ғана Қызылорда қаласын алсақ, мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 105 мың 321 жас бар. Бұл қала халқының 30,1%-ын құрайды. Ал оларды демеп, қанаттандыруда ілкімді іс бар. 

Қалалық Qosyl жастар ресурстық орталығы қала жастарының екінші үйі істпетті. Шағын орталық қолға алған бастамалар осының дәлелі. Мұнда Qosyl Kenes, Qosyl Sport, Qosyl Game, Qosyl Dance, Qosyl Acoustic жобалары жалғасын тауып келеді. Мәселен, Qosyl Kenes жобасы жастарға консультативтік жұмыстарды ұйымдастыруда көмек. Жыл басынан бері "Мүмкіндіктер алаңы" 7 мәрте, "Көшпелі кеңес" 15 мәрте ұйымдастырылған. Жастарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша жауапты мекеме қызметкерлерінің ақпараттық жұмыстары да біріздендірілген. 

Qosyl Sport-тың мақсаты – жастар арасындағы бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау. Орталық жанынан волейбол және ping pong үйірмелері тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде үйірмелер жанында ай сайын 100-ден астам тұрақты, 200-ден астам бір реттік қызмет алушылар тіркеліп отырады. Қатысушылар арасында сайыстар өткізу де жолға қойылған. Биылдан бастап "Шыңды бағындыр!" жаңа жобасы қанат қақты. 

Заман талабы ескерілген орталықта Wі-Fі, коворкинг орталығы, креатив фото-видео студиясы, жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде.  Бүгінге дейін Google тіркеу журналы арқылы жүргізілген есепке сәйкес, орталыққа келушілер саны 7998 жасқа жеткен. Бірақ орталық санға емес, сапаға жұмыс істеуді басты мақсат етіп отыр.

"Мемлекет басшысының "Жастар үшін емес, жастармен бірге!" қағидатына сәйкес, жастармен бір толқында болуға тырысамыз. Барлық іс-шара оқырмандар арасында ұйымдастырылатын сауалнаманың қорытындысы негізінде өтеді. Мақсат – жастарды бөліп қарамай, барлығына бірдей сапалы қызмет көрсету. Жұмысқа орналасуға жағдай жасау, мемлекеттік бағдараламалардың игілігін көруге шақырып, бос уақытын қажетіне жаратуына атсалысу", – деді орталық маманы Б. Нұрғазы.

"Жастардың психикалық денсаулығы және суицидтің алдын алу" әлеуметтік қызметі өзегін жоғалтпайды. Қоғамдағы түйткілді тарқату бойынша бастамалар жалғасуда. Жастар үшін 24/7 үздіксіз режимде жұмыс жасайтын cаll-center қызметі іске қосылды. Психологиялық көмек анонимділік қағидатын сақтай отыра жүргізіледі. Қаланың барлық мектептерінің, арнаулы орта оқу орындарының және жоғары оқу орындарының психолог мамандарын квалификациялау да күн тәртібінде. Бұл ретте  лектор, БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі Сымбат Әбдірахмановамен оқыту жұмыстары жалғасуда. 

Қызылорда қаласы әкімінің "Самғау" жастар сыйлығы аясында тігіншілер, аспазшылар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, электриктер, автомеханиктер, робототехника, 3D моделдеу, автоэлектриктер, дизайнерлер арасында оншақты байқау өткен. Жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар, статуэткалар, қаржылай сыйлық (100 000 теңге) табыстау жоспарда. Бұдан бөлек, Qosyl premiya салтанатты шарасын ұйымдастыру көзделіп отыр.

"Бүгінде жастар арасында ұйымдастырылған қандай шара болса да өзекті. Көбіне көп отбасын құру, кәсіп бастау, өмірлік ұстанымынан айнымау өзекті тақырыптар легінде. "Шара өткізгенде жастар риза болса және өздеріне керекті кішкене болсын ақпарат, көкейлерінде жүрген сұраққа жауап тапса, бастысы осы", – дейді орталық мамандары.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары