Тікелей эфир

Қызылорда облысының Сырдария ауданы "Таза Қазақстан" акциясына үлкен үлес қосты

Бүгін Қызылорда облысында "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында "Таза Қазақстан – таза аймақ"  экологиялық науқаны бастау алды.

Аталған шараға Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының тұрғындары да белсенді қатысты. 2200-ден аса тұрғыны бар, республика мен облыстағы "Үлгілі ауыл" байқауларының жеңімпазы атанған елді мекен тұрғындарының тазалыққа жаны құмар. Олар өз аулаларынан бастап ауылдың тазалығын сақтауға үлес қосуды әдетке айналдырған. 

Нағи Ілиясов ауылы тұрғындарының ағаш отырғызу, тазалық жұмыстары мен сенбіліктерге белсене араласуын басқа елді мекендерге үлгі етуге болады. Бүгінгі акцияға 150-ге жуық ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы да сөзімізге дәлел.

Акция барысында нағилықтар ағаш көшеттерін отырғызып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Еліміздің үлгілі ауылдарының бірі саналатын ауыл орталығындағы аллеялар және арықтар тазартылды.

Акцияға аудан әкімі мен Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ералиев бастаған ауыл тұрғындары, белсенді жастар, еріктілер де өз үлестерін қосты.

Нағи ауылындағы шаруашылықтың негізгі инвесторы "Абзал және К" толық серіктестігі абаттандыру жұмыстарына ерекше мән беріп, санитарлық тазалық пен көркейту-көгалдандыруға атсалысып келеді.

Жалпы, Сырдария ауданында жыл басынан бері 6000-ға жуық ағаш отырғызылып, тазалық жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда.

Айта кету керек, облыс әкімі "Таза Қазақстан" акциясына қолдау білдіру мақсатында аймақ тұрғындарына "Таза Қазақстан – таза аймақ" үндеуін жариялаған болатын.

Серіктестер жаңалықтары