Қызылордада облысында жас жігіт өз әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Өйткені ата-аналарының рұқсатымен молдаға некесін қидырып алған жары 15 жаста болған. Сол себепті 21 жастағы тұрғын жасөспірімді жыныстық қатынасқа итермеледі деп айыпталған. Қазір қос ғашықтың өмірі астаң-кестең болды деген ата-аналар әділдік іздеп шарқ ұрып жүр.
Олардың айтуынша, ғашықтардың қосылуына туыстары қарсы болмаған. Бұл Нұртілеу мен Аяланың шаңырақ көтерген сәті. Үлкендердің ақ батасын алып, имамға некесін қидырған соң ата-аналары қос ғашықтың үйлену тойын дүркіретіп жасаған. Кейін 15 жастағы Аяла жүкті болып, дәрігерге көрінген екен. Емханадағылар бұл ақпаратты полицейлерге жеткізіп, бақытты боламыз деген ерлі-зайыптылардың өмірі күрт өзгеріпті.
Нұртілеу Ибрагимов кәмелетке толмаған қызды төсек қатынасына тартты деп айыпталған. Сотқа жұбайы жәбірленуші ретінде қатысқан екен. Бірақ Аяла Жүрсін әлі күнге дейін күйеуінің үйінде тұрып, келіндік міндетін атқарып жүр. Ол өз еркіммен тұрмысқа шықтым деген сөзімді судья да, құзырлы орган өкілдері де елемеді деп күйінеді. Ал үкім былтыр қараша айында шыққан. Бұл іс жабық түрде қаралған екен.
"Нұртілеу Ибрагимов ҚР қылмыстық кодексінің 122-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған педогогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы айыра отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", – деді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Аппеляциялық сотта да 21 жастағы жігіттің жақындарының шағымы қанағаттандырусыз қалған. Екі жастың өміріне алаңдаған ата-аналар әділдікке қол жеткізу үшін енді жоғары сотқа жүгінбек.