Қызылорда облысы Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында аймақтағы алғашқы үздік тәжірибелік орталық ашылды. Оған қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру шаралары туралы айтып, орталықтың ашылуымен құттықтады.
Сондай-ақ, "Primary Health Care" ұлттық қауымдастығының президенті, академик Төлебай Рахыпбеков ізгі тілегін білдірді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов шараға қатысушыларды мұндағы кабинеттермен және әлеуметтік-психологиялық көмек жобасымен таныстырды.
Үздік тәжірибелік орталық жобасы өткен жылдан бері "Premy Health Care" ұлттық қауымдастығымен бірге алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарға жаңа технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Алдағы уақытта мұндай орталықтар №3 және №6 қалалық емханаларда және Жалағаш аудандық ауруханасында ашылмақ. Бұл халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады.