Қызылорда мен Ақтөбе арасында төрт жолақты жол салынады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Сондай-ақ, биыл Қарағанды – Жезқазған бағытындағы тозығы жеткен ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салынады.

Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл құрылысы басталатын жаңа жолдар туралы айтты.

"Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады. Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым", – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда биыл бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталатынын мәлімдеді.

"Батыс Қытай – Батыс Еуропа" – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда "Бейнеу – Сексеуіл" жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң "орта дәліздің" қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни, Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады", – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұрғанын, биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салынатынын айтты. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарланып отыр.

"Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан, осы жылы "Сарыағаш айналма жолының" құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі", – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары