Қазақстандағы Zeekr маркасының ресми дистрибьюторы саналатын, Orbis Auto құрылымына кіретін компания Қытайда жарияланған кері қайтарып алу науқаны Қазақстан нарығына ресми түрде жеткізілген және сатылып жатқан автокөліктерге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Дистрибьютордың хабарлауынша, Қазақстан нарығында ресми арна арқылы ұсынылатын барлық Zeekr көліктері аймақтың пайдалану шарттарына бейімделген өзге техникалық сипаттамаларға ие және Catl компаниясы өндірген аккумуляторлық батареялармен жабдықталған. Аталған батареялар жарияланған ақпаратта көрсетілген тізімге кірмейді әрі мәлімделген тәуекелдерге жатпайды.
Orbis Auto компаниясында ресми жеткізілімдер еуропалық сертификаттау талаптарын және елде қолданыстағы техникалық регламенттерді толық сақтай отырып жүзеге асырылатынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанда ресми түрде сатылатын Zeekr көліктеріне қатысты кері қайтарып алу жүргізуге негіз жоқ.
"Ресми дистрибьютор өндірушімен тұрақты байланыста және ресми арна арқылы сатылатын Zeekr автокөліктері белгіленген қауіпсіздік пен сапа стандарттарына толық сәйкес келетінін растайды. Сондықтан мұндай көліктердің иелеріне алаңдауға негіз жоқ", – делінген компания хабарламасында.
Еске сала кетейік, бір күн бұрын Қытайдың реттеуші органы жоғары вольтты батареяларға байланысты ықтимал тәуекелдерге байланысты Zeekr 001 WE моделінің 38 277 автокөлігін кері қайтарып алатынын мәлімдеген еді. Сол кезде бағдарламалық қамтамасыз етудегі ақауға байланысты Nio электромобильдерінің де ірі көлемде кері қайтарылатыны белгілі болды.

