Тікелей эфир

Қытайдағы қазақ боксшы Тоқтарбек Таңатқанға 100 мың юань тарту етілді

Алтай қалалық партком басшылары Таңатқанұлын марапаттау үшін оның үйіне барды.

Бокстан Ханжчоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарының чемпионы Тоқтарбек Таңатқанұлын өзінің туған жерінде Алтай қалалық парткомының орынбасары Жеңісхан Құрманұлы 100 мың юаньмен, яғни 6,5 миллион теңгемен арнайы марапаттады. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Бұл туралы қытайдың орталық халық радиосы ресми түрде мәлім етті. Алтай қалалық партком басшылары Таңатқанұлын марапаттау үшін оның үйіне арнайы амандаса барған.

"Қала басшылары халықтың ықыласты сәлемі мен ізгі тілегін жеткізіп, әрі 100 мың юань сыйлық ақша ұсынумен қатар, Тоқтарбектің алғашқы жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлына 50 мың юань ақша сыйлап, дарынды боксшыны баулыған ұлағатты еңбегіне шынайы алғыс білдірді", – деп жазылған хабарламада.

Тоқтарбектің үйіне амандаса барған жергілікті атқамінерлер осындай чемпионды ержеткізген Тоқтарбектің ата-анасына да алғыстарын білдірді.

Шара барысында Тоқтарбек ендігі арманы Олимпиаданы бағындыру екенін де атап кетті.

"Бұл натижеге қол жеткізгенде ең әуелі ата-анамның мәпелеп өсірген шапағатына, жаттықтырушымның баулыған еңбегіне ерекше алғыс айтамын. Сондай-ақ, барлық жағдайымызды жасап отырған ел билігіне, мені қолдап келе жатқан барлық жанкүйерлеріме шынайы алғысымды айтамын. Бұл Азия ойындары мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ендігі мақсат – келесі жылы өтетін төрт жылдық дода Олимпиада ойындарында топ жару", – деп атап өтті боксшы.


Оқи отырыңыз: Жәнібек Әлімханұлы Винченцо Гуальтьериді нокаутқа түсірді.


Естеріңізге сала кетейік, қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында 80 келі салмақта жұдырықтасып, бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын.

Ол финалда атақты филиппиндік боксшы Эумир Феликс Марсьяльмен жұдырықтасып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп қана қоймай, Париж Олимпиадасының жолдамасына да қол жеткізді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары