Тікелей эфир

Қытайда Қазақстан туризмі жылы басталды

Шара аясында Қазақстан мен Қытай өкілдерінің қатысуымен бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ресми ашылу салтанаты өтті. Аталған шараның ашылу рәсімі Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды. Форумда ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі.

"Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін ерекше іс-шара. Бүгінгі іс-шарамыз осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болып отыр. Біздің диалогымыз жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін құрай отырып, туризм саласындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз", – деді министр.

Сондай-ақ ол Қазақстан кез келген саяхатшыны өзінің көшпелі мәдениетімен, ғасырларға жалғасқан тарихымен және бірегей табиғатымен қызықтыратынын атап өтті.

Форумға Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ли де қатысты.

"Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов та сөз сөйледі. Ол жиналған қауымға "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясын таныстырды.

"Қазақстан – қытайлық туристер үшін ең тартымды бағыттардың бірі екеніне сенімдіміз. Ол визасыз режимді қолдайтын көршілес ел ғана емес, сонымен қатар "Бір белдеу, бір жол" бастамасының стратегиялық серіктесі. Біз туристердің назарына эко-этнотуризм, ойын-сауық және ресми іс-шараларды қамтитын "Еco-Ethnic-Entertainment-Events" концепциясын ұсынамыз", – деді Қайрат Сәдуақасов.

Сондай-ақ форумға қатысушылар үшін бірегей көрме ұйымдастырылды, онда қонақтар Қазақстанның барлық 17 аймағының көрікті жерлерімен таныса алады.

Форум соңында қазақстандық және қытайлық тараптар арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Еске сала кетсек, 29 наурызда  Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанаты, көрнекті әртістердің қатысуымен өтетін үлкен гала-концерт өтеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары