Қытайда пойыздар сағатына 350 шақырыммен жүретін жаңа темір жол іске қосылды

Фото: Синьхуа агенттігі
Фото: Синьхуа агенттігі
Ол Ханчжоу және Цюйчжоу қалаларын байланыстырады. Әзірге темір жол тест режимінде жұмыс істейді.

Қытайдың Чжэцзян провинциясында Ханчжоу мен Цюйчжоу аралығында жаңа жоғары жылдамдықты теміржол желісі тест режимінде іске қосылды, деп жазды Синьхуа

Сынақ мерзімі – 1 ай. Егер жоба сәтті болса, ол 2025 жылғы желтоқсанның соңында толықтай іске қосылады. 

"Ханчжоу – Цюйчжоу жоғары жылдамдықты теміржолы провинция орталығын Чжэцзянның батысындағы Цюйчжоу қаласымен байланыстырады. Магистральдың ұзындығы 131 шақырымды құрайды, ал пойыздардың жобалық жылдамдығы – сағатына 350 шақырым. Жобаны қаржыландыру және EPC үлгісі бойынша (жобалау, жабдықтау және құрылыс) жүзеге асыру консорциумға тапсырылған, оған Қытай теміржол құрылыс корпорациясының Төртінші жобалау-зерттеу институты жетекшілік етеді. Инвестицияның негізгі бөлігі мемлекеттік капитал есебінен бөлінген", – делінген Синьхуаның хабарламасында. 

Фото: Синьхуа агенттігі

Жол бойында 38 туннель мен 119 көпір салынған, олар жалпы ұзындықтың 78,7 пайызын құрайды. Құрылыстың ең маңызды нысандарының бірі – ұзындығы 685 метр болатын көпір.

Жол ресми түрде пайдалануға берілген соң, Ханчжоу – Цюйчжоу жоғары жылдамдықты теміржолы Ханчжоу шығанағы және Цзиньхуа – Цюйчжоу – Лишуй экономикалық белдеулерін байланыстыратын негізгі көлік "артериясына" айналады.

Серіктестер жаңалықтары