Тікелей эфир

Қытай Жамбыл облысында жел станциясын салмақ. Келісім жобасы дайын болды

Одан бөлек, жаңа төрт электр желісі мен бір шағын станция іске қосылады.

Қазақстанның Жамбыл облысында жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салатын Қытай мен Қазақстанның бірлескен компаниясы құрылмақ. Оны қытайлық China Power International Holding Limited және қазақстандық "Самұрық-Энерго" компаниялары жүзеге асырады. 

Бұл жоба бойынша алғаш тура бір жыл бұрын, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен State Power Investment Corporation басқарма төрағасы Цянь Чжиминнің кездесуінде белгілі болған еді. Қазақстан Үкіметі енді бұл бойынша нақты келісім жобасын әзірледі. Оған Қазақстан тарапынан энергетика министрі қол қояды. 

Келісім жобасынан белгілі болғандай, жаңа жел электр станциясы 300 МВт/600 МВтс болатын энергия жинақтау жүйесін қолданады, ал жалпы қуаты 1 ГВт-қа тең болады. Жел станциясы өндірген энергияны елді мекендерге жеткізу үшін Жамбыл облысында екі электр желісі және Павлодар облысында екі электр желісі мен бір шағын станция салынады. 

Еске салайық, президенттің 2023 жылғы кездесуінде State Power Investment Corporation басқарма төрағасы Цянь Чжимин компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 200 Гкал болатын жылу станциясын салу жоспарын да хабарлаған болатын. Одан бөлек, Қазақстанда жел электр станциялары үшін жабдықтар өндіру ісі де қолға алынуы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Араб елдерінің инвестициясына қай өңірлерде жел станциясы салынады


 

Серіктестер жаңалықтары