Тікелей эфир

Қыркүйектен бастап асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы 14,5 пайызға артады

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға да арнайы төлем енгізілуі мүмкін.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақыны орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырды.

"Елімізде ерекше қажеттілігі бар 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет", – деді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан осы аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет екенін айта кетті.

"Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс. Дегенмен, кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе", – деді Қасым-Жомант Тоқаев.


Оқи отырыңыз: 


Мемлекет басшысы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек екенін, сол себепті олғарға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн екенін айтты.

"Бұл ретте, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары