Қырғызстанның Ош облысындағы Ноокат ауданында жүрген селдің салдарынан қаза болғандар саны тоғыз адамға жетті, деп хабарлайды Кабар агенттігі.
"Абшир-Ата ауылында кішкентай баланың денесі табылып, милицияға тапсырылды. Қазіргі таңда баланың кім екені анықталып жатыр", – деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.
Селдің салдарынан құрбан болғандарды іздестіруге 373 адам жұмылдырылған.
Еске салайық, 28 маусым күні кешке Қырғызстанның Ош облысының Ноокат ауданында күшті сел жүріп, қатты ағын су тасжолды басып, жеті адамды алып кетті.
Кейін қайтыс болғандардың арасында екі қазақстандық бала бар екені, тағы екеуі із-түзсіз жоғалғандар тізімінде екені белгілі болды. Біраз уақыттан кейін олардың денесі табылды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әуе кемесіндегі қазақстандық құтқарушылар азаматтарымызды эвакуациялау және қаза болғандардың мәйітін туған жеріне жеткізу үшін Қырғыз Республикасының Ош қаласына барды.