Қызылорда қаласының іргесіндегі Қызылжарма ауылында екі ай бұрын 4 миллиардтан астам теңгеге құрылысы басталған "Жайлы мектеп" ақыры салынбайтын болды. Өйткені білім ошағы бой көтеретін орыннан құстардың өлексесі табылған. Шенеуніктер аталған жер санитарлық талапқа сай келмейтінін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ал аталған елдімекендегі жалғыз мектепке оқушылар сыймай жатыр. Сондықтан ауыл халқы ұзақ жылдан бері күтіп жүрген жаңа білім ұясының басқа жерге көшірілгеніне қарсы.
Әкімдіктегілер елдімекенде бой көтеруі тиіс мектептің аумағы бұрын құс фабрикасы болғанын жеткізді. Айтуларынша, инфрақұрылым жүйелерін тарту кезінде жер астынан қанаттылардың өлексесі табылған. Сондықтан білім ошағын басқа аумаққа көшіруге тура келді деп отыр.
"Сол кезде иіс шыққан. Ертең оқушылардың денсаулығына зиян келуі мүмкін. Сол себепті санитарлық эпидемиялогиялық станциядан да қорытынды құжат алып жатыр. Қызылжарма мен Шанхай мөлтек ауданының ортасынан жер таңдалды. Қазіргі таңа 3,7 гектар аумақ", – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.
Шенеуніктер орынды нақты белгілеп бермегенінің себебінен мердігер шығынға батқанын айтты. Құрылыс компаниясының өкілдері екі айлық еңбегіміз еш кетті деп қапалы.