Шымкент әуежайының жаңа терминалын 2024 жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Шымкент жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Шерзат Сүттібаев "Курсив" басылымына хабарлаған.
"Терминалды пайдалануға беру мерзімін кедендік және шекаралық қызмет үшін қажет техникалық және стационарлық жабдықтарды жеткізумен байланысты болды", – деді Шерзат Сүттібаев.
Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған жаңа терминалды пайдалануға берудің осыған дейін бірнеше мерзімі (2023 жыл, 2024 жылдың жазы) аталған болатын. Алайда, бұл мерзімдер пандемия, жобадағы өзгерістер және басқа да себептерге байланысты үнемі шегерілумен келеді.
Оқи отырыңыз: "Сағатына 2 мың жолаушыға дейін артады": Шымкент әуежайында жаңа терминалдың құрылысы қалай жүріп жатыр
2023 жылдың желтоқсанында көлік министрі Марат Қарабаев әуежайдың жаңа терминалының құрылыс барысымен танысып, 113 қана адам жұмыс істеп жатқан оның мерзімінде пайдалануға берілетініне күмән келтірген болатын.
Еске салайық, құрылысқа – Шымкент әуежайында кең ауқымды жаңарту жұмыстарын жүргізу міндетін мойнына алған SCAT әуе компаниясы жауапты. Төрт қабатты терминалдың ауданы (35 мың шаршы метр) қазіргі қолданыстағы терминалдан 9 есе үлкен болады деп жоспарланған. Терминал іске қосылған жағдайда ол сағатына 150-ден 4 мыңға дейін жолаушыға қызмет көрсете алады.