Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 26 жастағы қойшы Жанболат Байділләұлы үш аптадан бері іздестіріліп жатыр. Жас жігіт жоғалар алдында туыстарына хат қалдырған. Онда ол бірнеше адамның жылдар бойы қысым көрсетіп, ақша талап еткенін жазып, бір жағдай болса, сол адамдарды кінәлі деп көрсеткен. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады.
Жанболат Байділләұлы Жаңақорғанға төрт жыл бұрын жұмыс іздеп барған. Ол Қосүйеңкі аумағында қой бағып жүрген. Ата-анасының айтуынша, ұлы үйге екі-үш айда бір рет келіп тұрған.
Туыстарының сөзінше, Жанболат бастапқыда мал баққан жұмысынан жалақысын уақытылы алып жүрген. Кейін жұмыс берушілерінің қарым-қатынасы өзгеріп, түрлі сылтаулар айтыла бастаған.
Жанболат 31 тамызда сыныптасына хабарлама жазып, Құранның ішіне хат қалдырғанын ескерткен. Кейін ата-анасы жайлауға барғанымен, ұлдарын таба алмаған. Жазбада жас жігіт бетперде киген адамдардың өзіне бірнеше жыл бойы қысым көрсеткенін және ақша талап еткенін жазған. Сондай-ақ кей адамдардың аты-жөнін атап, өзіне бір жағдай болса, соларды кінәлі деп санау керегін көрсеткен.
Жанболаттың анасы Мейрамгүл Жаңжарық ұлының жоғалуына байланысты алаңдаулы екенін айтты. Оның сөзінше, отбасы Жанболаттың еркіне қатысты түрлі күдікке барған.
Әкесі Байділлә Жаңжарықтың айтуынша, ұлын іздеу кезінде оның телефоны әртүрлі елді мекендерден тіркелген. Алайда нақты қай жерде екені анықталмаған.
"21 күн болды. Полиция қайта-қайта "іздеп жатырмыз" дейді. Ешқандай нәтиже болмай жатыр. Тауды іздедік. Тоғызыншы күні ауылдан екі "Газель" жалдадық, 5-6 мотоцикл алдық. Ағайындар, жора-жолдастар шықты. Екі дрон жалдадық", – дейді ол.
Жанболатты іздеуге оның туыстары ғана емес, полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, еріктілер және жергілікті тұрғындар да тартылған.
Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовтың айтуынша, іздестіру жұмыстары арнайы иттер, дрондар және сүңгуірлердің көмегімен жүргізіліп жатыр. Жедел іздестіру топтары құрылып, облыс аумағында тиісті шаралар ұйымдастырылған.
"Іздеу жұмыстарына ішкі істер органдарының жеке құрамы, ТЖД қызметкерлері, туыстары, еріктілер, блогерлер және жергілікті тұрғындар тартылды. Іздеуге жергілікті атқарушы органдар да белсенді көмектесуде", – деді полиция бөлімінің бастығы.
Туыстары Жанболаттың жоғалуына қатысты өз болжамдарын айтып отыр. Олар оның хатында жазылған мәліметтерді ескеріп, жас жігітке қысым жасалған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Алайда бұл нұсқалар әзірге ресми түрде расталған жоқ. Қазір Жанболат Байділләұлын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жақындары оның аман-есен табылып, отбасына оралуын күтіп отыр.