Ұлттық экономиканың бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаев күдікті ретінде танылған Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс соттың қарауына түсті. "Сот кабинеті" базасында осы туралы дерек жарияланды.
Порталдың хабарлауынша, іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралатын болады. Сот кеңсесінде ол туралы қосымша материалдар жоқ: "Іс жариялауға жабық" деп жазылған.
2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы мейрамханалардың бірінде қатты соққының салдарынан әйелдің қайтыс болғаны белгілі болды. Іс бойынша күдікті бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. Оған екі бап бойынша айып тағылды:
- 110-баптың 2-бөлігі – "Азаптау";
- 99-баптың 2-бөлігі – "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру".
Оқи отырыңыз: Жұбайын өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Бишімбаев 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
"Гастро орталықтың" директоры, экс-министрдің туысына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы – "Жасыру" және ҚР ҚК 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша тергеу аяқталды.