Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қаһарманға қатысты талап арызы бойынша шешім шығарды.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың қарашасында Альмира Нұрлыбекова өзіне тиесілі нысанды 2029 жылғы 31 қазанға дейін сенімгерлік басқаруға Назым Қаһарманға берген. Келісімшарт бойынша мүлік сенім білдірушінің мүддесі үшін басқаруға тапсырылған.
Нұрлыбекова сотқа берген талап арызында бұрынғы келіні аталған нысанды жалға беріп, одан табыс алғанын, алайда түскен қаражатты өзіне аудармағанын және қажетті растайтын құжаттары бар толық есеп ұсынбағанын көрсеткен.
Талапкер жауапкерден шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін 14 074 771 теңге, сондай-ақ төленген мемлекеттік баж ретінде 247 415 теңге және сотта өкілдің көмегіне жұмсалған 800 мың теңгені өндіріп беруді сұраған.
Өз кезегінде Назым Қаһарман талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрап, талап етілген соманың көлемі мен өндіріп алу негіздері негізсіз екенін алға тартқан.
Сот тараптар ұсынған құжаттарды, соның ішінде жалға алушылардан түскен қаражат, жүргізілген төлемдер мен есеп айырысулар туралы мәліметтерді және басқа да дәлелдерді зерттей келе, талапты ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімінде «Нұрлыбекова Альмира Балтабаевнаның "NazKa" ЖК-не қатысты соманы өндіріп алу туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылсын» деп көрсетілген.
Сот Назым Қаһарманның кәсіпкерлік субъектісінен Альмира Нұрлыбекованың пайдасына 6 665 391 теңге, мемлекеттік баж ретінде 66 654 теңге, сондай-ақ өкіл қызметіне жұмсалған шығын ретінде 666 539 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырылған жоқ. Сот өндірілетін соманы анықтау кезінде құжатпен расталған, жауапкерге іс жүзінде түскен және қайтарылмаған немесе сенімгерлік басқару шарты бойынша көзделген шығындарға жұмсалмаған қаражатты ғана есепке алған.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалуы мүмкін.
Бишімбаевтың бауыры Бақытжан Байжанов рақымшылық аясында бостандыққа шығады
Қуандық Бишімбаев неге түрмеде жұмыссыз отыр? ІІМ ҚАЖ комитетінің жауабы