Тікелей эфир

Қостанайдың бұрынғы әкімінен тәркіленген мейрамхана аукционда сатылмай қалды

Мүлікті сатып алғысы келетіндер болмады.

Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтан тәркіленген "Алтын-Саф" мейрамхана кешенін аукционда қымбаттатып сату мүмкін болмады. Бұл туралы электронды сауда алаңының сайтында хабарланды.

Аукцион басталған кезде бірде-бір қатысушы тіркелмеген және қатысушылардың ешқайсысы бастапқы баға – 805 529 000 теңгені растамағандықтан аукцион өтпеді.

Бұған дейін мейрамхана ғимаратын аукционда бірнеше рет сатпақ болған, бірақ қызығушылық танытқан сатып алушы болмаған.


Оқи отырыңыз: "Кәсіпкерден пара алған". Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қамауға алынды 


2016 жылдың сәуірінде Қостанай қаласының экс-әкімі Ахмедбек Ахметжанов "үлкен әкімдік ісі" бойынша мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырумен бірге ірі көлемде пара алғаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Апелляциялық шағымдан кейін мерзім 7 жыл 6 айға дейін қысқартылды. Артынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Ахметжановқа рақымшылық жасалып, оның жаза мерзімі 4 жыл 10 ай 23 күнге дейін қысқартылды. 2019 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен – айыппұлмен ауыстыру құқығын алды. Сол жылдың 1 сәуірінде Қостанай облыстық соты оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарды.

Серіктестер жаңалықтары