Қоқиқаздарды сақтау үшін Қорғалжын қорығының көлдеріне 40 млн текше метр су жіберілді

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми сайты
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми сайты
Бұл өңір қоқиқаздар мен басқа да су құстарының маңызды мекен ету ортасы саналады.

Табиғатты қорғау мақсатында Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіне 40 млн текше метр су жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

"Қазсушар" РМК жыл сайын жүргізілетін табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын биыл да жүзеге асырды. Оған кәсіпорынның "Қ. Сәтбаев атындағы канал" филиалы, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола филиалдары қатысты.

Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан. Бұл өңір қоқиқаздар мен басқа да су құстарының маңызды мекен ету ортасы саналады.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, табиғи экожүйелерді сақтау мақсатында мұндай жұмыстар жыл сайын еліміздің әр өңірінде жүргізіледі. Су нысандарын қолдау және олардың экологиялық жағдайын сақтау үшін арнайы су көлемдері бағытталады. Су жіберу кезеңінде "Қазсушар" мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік атқарып, судың өтуін тұрақты бақылауда ұстайды.

Министрлік табиғи су нысандарын қорғау бағытындағы талаптардың да күшейтілгенін атап өтті. Атап айтқанда, былтыр қабылданған жаңа Су кодексіне алғаш рет "экологиялық ағын" ұғымы енгізілді. Ол өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажетті судың ең төменгі рұқсат етілген көлемін білдіреді.

Сонымен қатар құжатта шағын өзендер мен көлдерді қорғау талаптары кеңейтіліп, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі қарастырылған.

"Су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау – шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Министрлік экологияға зиян келтірмей, ауыл шаруашылығы алқаптарына судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін үлкен күш жұмсауда. Су үнемдеу технологиялары мен заманауи су есептеу құралдарын енгізу экономика мен қоршаған ортаның қажеттіліктері арасындағы теңгерімді сақтай отырып, суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді", – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау