Қонаевта боран салдарынан жергілікті төтенше жағдай жарияланды

Фото: Қонаев әкімдігі
Фото: Қонаев әкімдігі
Бораннан кейін Қонаевта қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Қонаев қаласында 12 желтоқсанға қараған түні болған қатты боран салдарынан бірқатар тұрғын үй мен ғимараттың шатырлары зақымданып, көше жарығының бағаналары істен шықты.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, желдің екпіні секундына 25 метрден асқан. Табиғи апаттың салдарын ескере отырып, қолданыстағы "Азаматтық қорғау туралы" және "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарға сәйкес Қонаев қаласының әкімі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдаған.

Ресми түрде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай 17 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Әкімдік хабарламасына сәйкес, төтенше жағдай резервінен бөлінген қаражат есебінен зақымданған нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, 11 желтоқсаннан бастап қаладағы коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта Қонаев қаласындағы жағдай тұрақты. Электр энергиясы, ауыз су және жылумен қамту жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары