Тікелей эфир

"Қирағалы тұр". 60 жыл бұрын салынған мектеп бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген

Мектепте ұл-қыздар екі-ақ кабинетте қыстырылып-қымтырылып білім алады екен.

Түркістан облысы Ескіқорған ауылының тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқады. Өйткені, елді мекендегі білім ұясы қираудың сәл-ақ алдында тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ал халық ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. 60 жыл бұрын салынған ғимарат бір де бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Оған қоса мектепте ұл-қыздар екі-ақ кабинетте қыстырылып-қымтырылып білім алады екен.

Ескіқорған елді мекеніндегі дәл осы аядай мектепте қазір барлығы 67 оқушы білім алып жатыр. Екі ауысыммен оқитын балалар не мәдениет залы, не асхана, не кітаптхананы ешқашан көрмеген. Ұл-қыздар бар-жоғы екі сыныптық кабинетте төрт жыл оқиды.

"Бұл мектепті 1958 жылы аталарымыз салған. Қазіргі сиқы мынау. Мұнда менің аталарым оқыған. Атамның өтіп кеткеніне қанша жыл болған. Бірақ мынау мектеп тұр. Қаншама жылдан бері айтып жатырмыз. Үшінші сыныпта оқып жүрген кезде бір жылдан кейін жаңа мектеп саламыз деп келген. Содан бері 15 жыл өтті. Сыртының өзі сұрықсыз білім ұясының іші де оңып тұрған жоқ. Едені ойылып тесілген. Қабырғалары да қақырап, төбедегі сылағы да түсіп жатыр", – деді Ескіқорған ауылының тұрғыны Дастан Жолдас.

Оның зардабын бірер жыл бұрын бірінші сынып оқушысы көрді дейді тұрғындар.

Сабақ үстінде жоғарыдан құлаған зат қыздың басына түсіп, жарақат алыпты. Содан бері жұрттың дені балаларын көрші ауылдағы мектепке таситын болған.

"Мектептің өзі осы жерде тұрған малханалардан нашар. Адамдың малханалары, дәретханалары, моншалары бұдан да жақсы. Мектеп деуге келмейді. Бұл жерде балаларымыз білім алады, осы жерден адам болып шығады. Қазір кірсеңіз бір-екі жерге аяғыңыз түсіп кетуі мүмкін", – деді Ескіқорған ауылының тұрғыны Әбдірахман Әшімов.

Ескіқорған ауылында барлығы 300 отбасы тұрады. Жұртшылық кейінгі 20 жылдан бері әкімдік табалдырығын тоздырып келеді. Ал білім басқармасының өкілдері жаңа мектептің құрылысы жыл соңында басталады деп сендірді.

"Ескіқорған ауылында 300 орындық жайлы мектеп салу үшін жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау 2024 жылғы желтоқсан айына жоспарланған. Осылайша, бұл мәселе жайлы мектеп Ұлттық жобасы арқылы шешімін табады. Бұл мектеп құрылысының қашан аяқталары да белгісіз. Оған дейін шекара маңындағы бастауыш сынып оқушылары ескі әрі аядай білім ұясында жанын шүберекке түйіп сабақ оқуға мәжбүр", – делінген Түркістан облысы Білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары