Тікелей эфир

Қажымұқанның "Джамбия" қанжары Ұлттық музейге табысталды

Бұл қанжарда "Күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға" деген жазу бар.

2023 жылғы 25 желтоқсан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі "Джамбия" қанжарын ҚР Ұлттық музейінің қорына салтанатты табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады музейдің баспасөз қызметі

Қанжарды музей қорына мәжіліс депутаты Ардақ Назаров тапсырды.

"Джамбия" қанжары жүзінің екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар: сол жағында "күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға", ал оң жағында "Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл" (Хижра жыл есептеуі бойынша 1330 жыл бұл қазіргі жыл санауына сәйкес 1912 жыл).

1909-1911 жылдары Қажымұқан Мұнайтпасұлы ең мықты түрік балуандарымен жекпе-жекте сәтті өнер көрсетіп, түріктің ең атақты балуаны Нуруллахты жеңді. Оған тәнті болған Стамбұл қаласының хакімі Шағыр паша Қажымұқанды өзімен бірге Меккеге қажылыққа баруға шақырады. Оған келісімін берген балуан елге "қажы" деген атақпен оралады.

Сонымен қатар, шара барысында Ұлттық музей қорындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі жәдігерлерден көрме ұйымдастырылды. Бүгінгі күні музей қоры қанжармен толығып, балуанға қатысты жәдігерлер саны 27-ге жетті.


Оқи отырыңыз: Палуанның табаны, жазушының қаламы


 

Серіктестер жаңалықтары