Елде дизель тапшылығына әсер еткен факторлар анықталды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазір бұл мәселемен премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған комиссия жұмыс істеп жатыр.
"Негізгі себептердің бірі отын тұтынудың айтарлықтай өсуі болып отыр. Бірінші кезекте шетелдік транзиттік көлік отынды көп тұтынады. Екінші себеп – бағаның айтарлықтай айырмашылығына байланысты Қазақстаннан көршілес елдерге дизель отынының жіберілуі. Мысалы, Қазақстанда дизельдің бір литрі – 230-260 теңге, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдегі жанармай бекеттеріндегі баға 440 теңгеге дейін жетеді", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар отандық мұнай базалары дизельді бөлшек сауда құнынан жоғары бағамен сатқан. Сәйкесінше бұл өңірлерде отын сату көлемінің қысқаруына әкелген. Өйткені оны сатып алу жанармай бекеттері үшін тиімсіз болған.
Бұдан басқа, "ҚазМұнайГаз", Petrosun компаниялары, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттарының жұмысында өндіру, маркетинг және логистика бойынша жүйелі кемшіліктер мен олқылықтар анықталды.
"Уақытында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар тәртіптік жазалау шаралары қабылданып, министрлік пен мұнай компаниясының бірқатар жауапты қызметкерімен еңбек қатынастары бұзылды", – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Жағдайды қалыпқа келтіру үшін бірқатар жедел және ұзақ мерзімді шаралар қабылданған. Атап айтқанда:
- дизель отыны өндірісінің көлемі биыл 5,2 млн тоннаға дейін ұлғайды, бұл 2021 жылға қарағанда 340 мың тоннаға жоғары;
- мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту көлемі ұлғайтылды;
- "Самұрық-Қазына" қоры және "ҚазМұнайГаз" дизель отынының қосымша көлемін жеткізу туралы келісім жасады;
- Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын кеңейту жоспарланған;
- 2023 жылдан бастап мұнай өңдеу зауытының жұмысының жаңа схемасына кезең-кезеңмен көшу жоспарланып жатыр. Оның аясында мұнайды зауыттарға тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өзі жеткізеді немесе мұнай зауыты тікелей сатып алу жолымен жеткізілетін болады.
Бұдан басқа, Энергетика министрлігі мен жанармай бекеттерінің ірі желілерінде колл-орталықтар ашылған. Онда қазақстандықтар бағаны негізсіз көтеру және жанар-жағармай материалдарын сатудан бас тарту фактілері туралы хабарлай алады.