Тікелей эфир

"Қазір айына 75 мың ғана алады": сенатор ұлттық парк техникалық қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды

Сергей Ершовтың айтуынша, 42 кордонда 1990 жылдары шығарылған 7 өрт сөндіру техникасы бар.

Сенатор Сергей Ершов депутаттық сауалында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі орманшыларының мәселесін көтерді. Техникалық қызметкерлердің айына 75 мың теңге жалақы алатынын айтып, оны арттыруды ұсынды. 

Депутат өңірлердегі жерлестермен кездесулер кезінде осы табиғи саябаққа барғанын және олардың жағдайы мемлекеттік органдардың шұғыл араласуын талап ететініне көз жеткізгенін атап өтті.

"Өкінішке орай, жағдай өзгерген жоқ, кеңес дәуірінің деңгейінде қалды. Мысалы, 42 кордонда 1990 жылдары шығарылған 7 өрт сөндіру техникасы бар, не бары 3 кордон ғана тозған радиобайланыспен қамтамасыз етілген, қалғандарында ол да жоқ. Ал автомобиль паркінде "ПАЗ" үлгісіндегі бір ескі автобус, ГАЗ-51 жүк көлігі және кеңес өкіметі кезіндегі өрт сөндіру машинасы ғана бар", – деді сенатор. 

Сенатор сонымен қатар сапар қорытындысы бойынша экология министрінің атына хат жібергенін атап өтті. Уәкілетті органның жауабына сүйене отырып бүгінгі күні олар тек осы мәселелерді шешудің "мүмкіндігін қарастыруды" жоспарлағанын көруге болады.


Оқи отырыңыз: Маусымдағы өрттен кейін "Семей орманына" 49 жыл бұрынғы техника берілді


Сенатор саябақ қызметкерлерінің жалақысы, олардың әлеуметтік және материалдық әл-ауқаты мәселелеріне қатысты бірқатар мәселеге назар аударды. Аталған фактілерге сүйене отырып сенатор проблемаларды шешу үшін бірқатар шараны ұсынды. 

"Кордондарды техникамен, байланыспен және электр энергиясымен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ұлттық парк инспекторлары мен олардың отбасы мүшелері тұратын жаңа ғимараттарды салу және қазіргі ғимараттарды күрделі және ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру қажет. Ұлттық парктің техникалық қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажет, ол бүгінгі күні 75 мың теңгені құрайды", – деді сенатор.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары