Елде жоғары оқу орындарына талапкерлердің құжатын қабылдау басталды. Талапкерлер құжатын онлайн режимде де тапсыра алады, деп мәлімдеді ҚР ғылым және жоғары білім министрі.
"Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде ЖОО-ға құжат қабылдау науқаны басталды. Құжаттар ұлттық тестілеу орталығы және ЖОО негізінде қабылданады. Биыл бакалавриат, магистратура және докторантураға 88 111 грант бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайыз көп", – деді Саясат Нұрбек.
Мұнымен қатар, ведомство басшысы жалпы гранттың 73 мыңы бакалавриатқа тиесілі екенін айтты. Басты ерекшелік – басымдықтың техникалық және инженерлік мамандықтарға берілуі.
"Биылдан бастап осы басымдық сақталады", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Колледжде сырттай оқуға құжатты 20 қыркүйекке дейін тапсыруға болады
Ары қарай ведомств басшысы барлық ЖОО негізінде құжат қабылдау науқанының ұйымдастырылғанын атап өтті.
"Барлық талапкер құжатын өз қолымен немесе виртуалды қабылдау жүйесі арқылы тапсыра алады. Zoom, Teams арқылы виртуалды қабылдауға құжат тапсыру және пошта арқылы жолдау мүмкіндігі де бар", – деп қосты Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, министр бірнеше жылдан бері оқуға құжатты онлайн режимде тапсыру мүмкіншілігі іске қосылғанын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Колледжге түсуге талапкерлер қандай құжаттар тапсырады?
"Құжатты "Электронды үкімет" порталы арқылы тапсыру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл қызмет тамыз айында қолжетімді болады", – деп сендірді министр.