Тікелей эфир

Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені өсірді

Қазақстанда жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өсті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданды, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Қазақстанда жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өсті.

"Бұл "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы мен теңгенің әлсіреуі салдарынан орын алуда. Оған қоса инфляцияның орнықты бөлігі де өсуде. Жоғары ішкі сұраныс жағдайында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті. Бюджеттің кіріс бөлігін орындамауға байланысты жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру есебінен экономика ішіндегі проинфляциялық қысым сақталуда. Қазан айында халықтың инфляциялық күтулері төмендегенмен, құбылмалы болып қалуда. Жаһандық инфляция жалпы баяулауда. Бұл дамыған экономикалардағы еңбек нарығындағы жағдайдың тұрақтануы және неғұрлым баяу іскерлік белсенділікті қоса алғанда, сыртқы монетарлық талаптардың біртіндеп жеңілдеуіне әкелуде. Алайда сыртқы инфляциялық қысым соңғы айларда артуда. Оған азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляция және айтарлықтай бағамдық ауытқулар себеп болуда. Қаржы нарықтарында едәуір өскен құбылмалылық байқалуда, бұл белгісіздік пен инфляциялық күтулердің өсуіне әсер етуі мүмкін", – делінген хабарламада. 

Базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен бір баррель үшін 70 АҚШ долларына дейін төмендету жағына қарай қайта қаралды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасын, Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуін, әлемдік экономиканың баяулауын және Солтүстік және Оңтүстік Америкада өндірудің өсуін ескере отырып қалыптастырылған.

Қабылданған шешім факторлары мен болжам туралы барынша толық ақпарат 2024 жылғы 9 желтоқсанда Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 17 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары