Оқу-ағарту министрлігі халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінен үздік, дарынды, және батыл әрекетімен дараланған оқушыларды жинап, оларды алғыс хатпен марапаттады, деп хабарлады, ведомствоның баспасөз қызметі.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан марапаттау рәсімі кезінде мемлекет тарапынан балалардың қауіпсіздігі мен жайлы ортада өмір сүруі, білім мен тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалып отырғанын айтты.
"Биыл біз Балаларды қорғау күні қарсаңында дәстүрлі түрде талантымен дараланған және шешуші сәтте батырлық танытқан балаларды жинадық. Мемлекетіміздің, халқымыздың, ата-аналарыңның үкілеген үміті өздерің. Бүгінде мемлекет балаларымыздың тәрбиеленуіне, білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасауда. Өңірлерде мектептер, балабақшалар, мәдени және спорттық нысандар құрылысы қарқынды жүруде, заңнамалық база жетілдірілуде, педагогтердің біліктілігі арттырылуда. Балалар – әрқашан біздің қорғауымызда", – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Марапатқа ие болған оқушылар арасында астаналық және Қостанай облысынан келген Ақан, Рамиль, Матвей және Иван бар. Бұл балалар өртеніп жатқан үйлерден адамдарды алып шығып, олардың өмірін сақтап қалған. Жас батырлар мен олардың ата-аналары оқу-ағарту министрінің алғыс хаттарымен марапатталды.
"Ата-анам мен ұстаздарыма маған сіңірген тәрбиелері үшін алғысымыды білдіремін. Сондай-ақ, мемлекетке және президентімізге бізге артқан сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді", – деді №31 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Ақан Әкімжанов.
Кездесу соңында барлық қатысушыларға балалар сауықтыру орталығына жолдамалар мен сыйлықтар табысталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram