Тікелей эфир

Қазақстанның су ресурстары жүйесін дамытуға шамамен 2 трлн теңге қажет

Су шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, кешенді жоспарды әзірлеп қойған.

Қазақстандағы барлық су қоймаларын жөндеу және қайта жаңартудың кешенді жоспарына шамамен екі триллион теңге қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

30 қаңтарда үкімет 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасын қабылдады. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – қажетті су инфрақұрылымын салу және қайта құру.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады


Нұржан Нұржігітов министрлік су шаруашылығы нысандарын, оның ішінде су қоймаларын толық түгендеу жұмыстарын аяқтағанын атап өтті.

"Республикада 400-ден астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы жүзеге асыруда, жаңа естідіңіздер, біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып кешенді жоспар әзірлеуіміз керек. Бүгінгі күні барлық жұмысты жүргізу үшін біз бекіткен кешенді жоспар бар. Жергілікті атқарушы органдармен келіскен барлық жұмыстарды орындау үшін шамамен екі триллион теңге қажет. Бұл тек су қоймалары ғана емес, бұл цифрландыру және су негізіндегі технологиялар", – деді министр.

Серіктестер жаңалықтары