Қазақстанның солтүстігіндегі бүтін бір ауыл үш күннен бері майшаммен отыр

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay
Жергілікті биліктің мәліметінше, апатқа электр желілерінің әбден тозғаны себеп.

Еліміздің солтүстігіндегі бүтін бір ауыл үш күннен бері майшаммен отыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жарықтың жоқтығы Подтавка халқын әбден қажытқан. Құс өсіріп, мал бағып күн көретін қараша қып-қызыл шығынға баттық деп қынжылады. Тас қараңғыда балалар да сабақ оқудан қалыпты. 

Наталья Нестерец не істерін білмей налиды. Себебі, мұздатқыштағы ірі қараның еті бүліне бастапты. 

"Қыс бойы сақтаған етіміз бүлініп жатыр. Енді жарықты қоспаса бәрін лақтыруға туралы келеді. Қазір еттің бағасы арзан емес. Өздеріңіз білесіздер. Осы еттің арқасында бүкіл отбасын асырап отырмыз. Қиын болды", – деді Полтавка ауылының тұрғыны Наталья Нестерец.  

Расыменде, халыққа оңай емес. Жарық мәселесі кішкентай ғана ауылдың үлкен проблемасына айналған. Электр пеші бар отбасылар ыстық тамақ ішуден қалса, мектеп оқушылары тас қараңғыда майшаммен сабақ оқуға мәжбүр. Бұған құс өсіріп, табыс табатын зейнеткерлердің де уайымы қосылған. 

Әкім мәселеден хабардар екенін, жұмыс жоспарға сай жасалатынын жеткізді. 

"Жарық тарататын қосалқы станцияда апат болды. Сол қондырғыны жөндеу үшін уақыт керек. Мамандар қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Мен барлығын түсінемін. Біз бұл мәселені жақын күндері шешеміз", – деді Полтавка ауылдық округінің әкімі Ольга Семенюк.     

Ал жергілікті биліктің мәліметінше, апатқа электр желілерінің әбден тозғаны себеп. Қазір ауылда мамандар бәрін реттеу үшін әлі жұмыс істеп жатыр. Оған дейін 270 отбасы жарықсыз отыруға мәжбүр. 

Серіктестер жаңалықтары