Еліміздің солтүстігінде бір аптадан бері АИ-92 маркалы бензин тапшы, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Көлік жүргізушілері арасында сұранысқа ие жанармай көп жерде тек талонмен ғана беріліп жатыр. Ал бензин сатылатын санаулы ғана бекетте азаматтар сағаттап кезекте тұр.
Сонымен қатар тұрғындар бір айдан бері автогаз құя алмай қиналғандарын айтады.
Бұл Петропавлдың жанармай құю бекеттеріндегі бүгінгі көрініс. Көлік тізгіндеген азаматтар таң атқаннан бері темір тұлпарына құятын бензин мен автогаз таппай жүр. Ал жанармай сатылып жатқан санаулы ғана бекеттің алдында ұзын-сонар кезек дейді.
"Бензин іздеп жүргелі біраз болды. Сабақтан шыққалы екі-үш сағат бойы бензин іздеп жүрмін. Бүкіл жерде осылай кезек. Әр жерде бәрі қырылысып, бензин құйып алғысы келеді. Ешкім бензинсіз қалғысы келмейді. Сосын осындай жағдай. Тезірек шешіп берсе екен", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Нұржігіт Сәбит.
Қаладағы басқа бекеттердің алды тым-тырыс. Өйткені көп жерде кез келген бензин еркін сатылымда жоқ. Газ бен бензинді тек талонмен беріп жатыр дейді тұрғындар. Ауыл-аймақта да дәл сондай жағдай. Сондықтан бәрі қалаға келіп бензин іздеп жүр.
"Үш-төрт жанармай бекетіне бардым. Еш жерде бензин жоқ дейді. Не бір айдан бері газ жоқ. Мұндай жағдай болады деп ойламадым. Бұл не масқара?! Газ бен бензин тапшылығы қашан шешіледі?!", – деді қала тұрғыны Олег Сизов.
Бензин мен газ тапшылығын әкімдік өкілдері түсіндіре алмады. Ал Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде газ бен бензин толық көлемде бар. Жеткілікті. Тек жанармай кешігіп жеткізілуі мүмкін деп отыр.
"СҚО-ның ай сайынғы қажеттілігі 5 832 тоннаны құрайды. Ағымдағы жылы 31 қазанындағы жағдай бойынша 4 631 тонна немесе жоспардың 92% жөнелтілді. Қазіргі уақытта өңірдегі СМГ қалдығы 656 тоннаны құрайды, қажеттілігі тәулігіне 150 тонна. Жолда тағы 1450 газ келе жатыр", – деді Энергетика министрлігінің бас сарапшысы Расул Төленов.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, барлық бензин мен сұйытылған газ астықты кептіруге кетіп жатқан көрінеді. Демек, элеваторлар жанармайды әдеттегіден көп мөлшерде алып жатқан болуы мүмкін дейді.