Тікелей эфир

Қазақстанның Google, Яндекс карталарында қанша мешіт пен намазхана бар?

Электронды карталарда мешіттердің атауы, мекен-жайы және өзге де қосымша ақпарат берілген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 2752 мешіт пен 447 намазхана Google, Яндекс карталарына мешіт атауымен бірге орналастырылды. Бұл туралы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Жақын маңдағы намаз оқу орындарын карта арқылы табуға жағдай жасалған. 

Жалпы, республикада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы болып тіркелген 2752 мешіт бар:

  • облыстық, аймақтық орталық – 20;
  • қалалық – 418;
  • аудандық – 173;
  • ауылдық мешіт – 2141.

Google картасында мешіттер қызыл түсті "ай-жұлдыз" белгісімен айшықталса, Yandex картасында дәл осындай белгі көк түске боялған. 

"Кейде қоғамда "мешіт көп салынып кетті" деген сөз айтылып қалады. Аллаға шүкір, мемлекеттің көмегімен мектептер мен балабақшалар салынып жатыр. Ал жомарт жандардың, сауап іздеген азаматтардың қамқорлығымен мешіттер бой көтеруде. Сайып келгенде, бізге мешіт те, мектеп те керек. Екеуін бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Адам тәні азық-ауқатқа қандай тәуелді болса, біздің жанымыз да рухани азыққа сондай тәуелді. Рухани азық беретін бірден-бір орда – мешіт", – деді бас мүфти.


Оқи отырыңыз: "Мешіт емес, мектеп салынсын". ҚМДБ өкілі желідегі пікірлерге жауап берді


Наурызбай қажы Тағанұлының сөзінше, ҚМДБ жаңадан салынып жатқан мешіттер құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани және мәдени-ағарту, қоғамдық келісім және бірлік пен берекенің, қайырымдылықтың ошағына айналуына назар аударады. Мысалы, 2022 жылы "Зекет және қайырымдылық" қоры баспанаға аса мұқтаж 114 отбасының баспаналы болуына ықпал еткен. Мешіт қызметкерлері былтыр "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы кезінде 17 870 балаға көмектесті. 

Серіктестер жаңалықтары