Қазақстанның бірқатар республикалық жолдарында қозғалысқа шектеу енгізілді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Астана – Қарағанды бағытында жылдамдық шектелді.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы ауа райының қолайсыздығына және жол инфрақұрылымындағы ақауларға байланысты республикалық маңызы бар автожолдардағы қазіргі жағдай туралы мәлімет берді.

Ұлттық компанияның хабарлауынша, 2026 жылғы 4 қаңтар сағат 09:30-дан бастап Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты "KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы" автожолының 92–164-шақырымында (Анар станциясынан Теміртау қаласына дейін) барлық көлік түрлері үшін жылдамдық режимі 140 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.

Ал 4 қаңтар сағат 22:00-де Ақмола облысында ауа райы жағдайының жақсаруына байланысты "KAZ02 Астана – Көкшетау (айналма жол) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)" автожолының 18–232-шақырымында жылдамдық режимі 80 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін арттырылды.

Шығыс Қазақстан облысында "Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары" автожолының 46–66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы уақытша шектелді. Бұл шектеу қыс мезгілі аяқталғанға дейін сақталады.

Сонымен қатар "Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы" автожолында орналасқан "Қалқаман" жолайрығындағы көпір құрылымының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты жолайрық учаскесі уақытша жабылды. Атап айтқанда, Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жолдар жабық.

"ҚазАвтоЖол" жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеріп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары