Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы Қазақстанда атом электр станциясын салу бастамасын қолдап мәлімдеме жасады. Қауымдастық төрағасы Алдияр Тоқтаровтың айтуынша, Қазақстан өзіне нәсіп болған уранның ерекше қорларын игеру арқылы әлемдегі ең ірі уран өндірушіге айналып отыр. Ендігі міндет – бейбіт атомның игілігін пайдалану.
"Біздің жеріміз бен халқымыз ядролық қарудың зардаптарынан өткен ауыр сынақтарды бастан кешірді. Бұл қайғылы оқиға тек тарихымызға жара салып қана қоймай, Қазақстанға бейбіт атом мәселелерімен айналысуға ерекше моральдық құқық береді деп есептеймін. Қазақстан халқының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қолдауы тек коммерциялық тұрғыдан ғана емес, бұл біздің ұлтымыздың кемелденгенінің белгісі, жасөспірімдік максимализмнен өтіп, болашаққа салқынқандылықпен қарап, ең жақсы перспективаларды таңдап алуымыздың айғағы", – деді Алдияр Тоқтаров.
Оның мәлімдеуінше, атом энергетикасы – қазақстандықтардың мыңдаған адамға табысты мансап жолын ашатын салалардың бірі.
"Бұл – әлемнің ең дамыған елдерінің экономикалық өсуін ешбір дау-дамайсыз, тәулік бойы және ауа райына қарамастан қолдайтын сала. Мен біздің республика да осы елдердің қатарына қосылу мүмкіндігіне ие болғанын қалаймын және атом өнеркәсібі бізге бұл мүмкіндікті беретініне сенімдімін", – деді қауымдастық төрағасы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда атом энергетикасы бойынша оң тәжірибенің бары – үлкен басымдық