30–31 қаңтар күндері Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлап, қауіпті метеорологиялық құбылыстар күтіледі. Бұл туралы "Қазгидромет" хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, дауылды ескерту Астана мен Шымкентті қоса алғанда, елдің 16 облысына қатысты жарияланған.
Астанада 30 қаңтарда қалың тұман түседі. Ақмола облысының батысы, оңтүстігі және орталығында да көріну қашықтығы төмендейді. Ал солтүстігі мен шығысында жел екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Көкшетауда жел жылдамдығы 20 м/с-қа жетуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде аздаған қар жауып, төменгі боран соғады. Оңтүстігінде тұман күтіледі. Жел екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетіп, Петропавлда 20 м/с шамасында болады.
Қарағанды және Ұлытау облыстарының бірқатар аумақтарында, сондай-ақ Қарағанды мен Жезқазған қалаларында тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, оңтүстігі және орталығында, Өскемен қаласында түнгі және таңғы уақытта тұман байқалады. Абай облысында, соның ішінде Семей қаласында да көріну қашықтығы нашарлайды. Аягөз ауданында жел екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Маңғыстау облысының солтүстік-шығысы мен орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 20 м/с-қа дейін жетеді. Ақтөбе облысында қарлы боран соғып, жел күшейеді, жекелеген аудандарда тұман түседі.
Атырау облысының батысы мен солтүстігінде, Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында тұман болады. Жетісу облысында қолайсыз ауа райы сақталып, Алакөл маңында жел екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында қар жауып, төменгі боран, тұман және көктайғақ күтіледі. Шымкент пен Түркістан қалаларында кей уақытта тұман түсуі мүмкін.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында тұман, көктайғақ және желдің күшеюі болжануда.
Синоптиктер тұрғындарды жолға шығарда сақ болуға және ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.
USD:
502.3 / 505.3
EUR:
596.0 / 600.0
RUB:
6.49 / 6.61