Қазақстанның 1 178 елді мекенінде интернет жоқ. Оларға "Қазақтелекомның" еншілес компаниясы "Востоктелеком" "250 минус" бағдарламасы аясында 2024 жылға дейін интернет таратады, деп мәлімдеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
"Бүгінгі цифрландыру ауылдық деңгейге жету үшін оларды интернетпен қамтамасыз ету керек. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында біз 1 257 ауылға оптика тартып, 928 ауылға мобильді интернет тараттық. Бүгінгі таңда жалпы 5 332 елді мекенге интернет берілді. Бірақ, олардың ішінде сапасы төмен интернет бар. Оларды зерттеу үшін өзіміздің стандарттарымызды бекітуге тура келді. Өйткені, бұрын сапа параметрлері жоқ еді. 3G бар ма – болды. "3G бар" деген сөзді қабылдадық. Осы орайда, шетел тәжірибесіне сүйеніп, сапаны анықтайтын ең төмен параметрлерді белгіледік. 3G үшін – бір мегабит, 4G үшін – бес мегабит", – деді Бағдат Мусин.
Мұнымен қатар, министр бұл параметрлерге сай келмеген жағдайда айыппұл тағайындауға дайын екенін жеткізді. Осы күнге дейін сапа бойынша 408 тексеру жүргізіліп, 92 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
"Бірақ бұл өте төмен деп есептеймін. Депутаттардың телеком және мобильді операторларға тарифті кішкене ұлғайту туралы ұсыныстары бар. Сондықтан жыл сайын заң қабылданса, жаңағыдай 92 млн емес, миллиардтаған сомада айыппұл түсетін болады. Бұл бір шетінен операторларды ауылдарға барып тезірек интернет орнатып беруге итермелейді. Сондай-ақ, 120 ауылдық жерде спутник трансмиccиясын радиолинейкаға не оптикаға ауыстырамыз. 286 ауылдық жерде FBA жаңа технологиясы арқылы интернет таратамыз", – деп сендірді министр.
Бұдан өзге ведомство басшысы жоспарға сәйкес екі жылда 362 ауылдық жерде мобильді құрылғы мен базалық станция орнатылатынына тоқталды.
"Осыдан 1178 ауылдық жер мүлдем интернетсіз қалып отыр. 2024 жылға дейін "Қазақтелекомның" еншілес компаниясы "Востоктелеком" "250 минус" бағдарламасының аясында 561 ауылдық жерге интернет тарататын болады. Сондай-ақ, екі жыл ішінде төмен орбитадағы спутниктер арқылы 617 ауылдық жерге интернет таратамыз", – деп қосты Бағдат Мусин.
Осы орайда, министр әзірленген заң жобасын мәжіліске қараша айында ұсынатынын айтты.