Тікелей эфир

Қазақстанға жұмыртқаны көлікпен әкелуге жарты жылға тыйым салынады

Тыйым 1 мамырдан бастап күшіне енеді.

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, 1 мамырдан бастап Қазақстанға жұмыртқаны көлікпен әкелуге жарты жылға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған бұйрық жобасынан белгілі болды. 

"Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқасын әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін", – делінген бұйрық жобасында. 

Құзырлы министрлік ұсынған статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтарда республикада 56,5 млн бас құс бары тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6,5 миллионға көп (өсім 13,8%).

Бірақ, соған қарамастан жұмыртқа өндірісі 2,8 пайызға төмендеген. 2023 жылы Қазақстанда 4,9 млрд дана жұмыртқа өндірілді. 

"2023 жылы экспорт 175,9 млн дана жұмыртқаны, ал импорт 286,9 млн дананы құрады. Осылайша, 2023 жылы ішкі нарықтың өзіндік өндірісі есебінен қамтамасыз етілуі 98 пайызды құрайды", – делінген ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.


Оқи отырыңыз: Сарыағашта құс фабрикасынан 1800 жұмыртқа жымқырған жұмысшылар ұсталды


 

Серіктестер жаңалықтары