2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасқан.
"Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды", – делінген Үкіметтің хабарламасында.
Үкімет дерегінше, орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгені құрады. Орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке өсіп, 4 315-ке жетті, ал олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құрады. Бұл Қазақстанның ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құрады. Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 млрд теңгені құрайтын Астана туристік ауданы бар, ол 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, толық іске қосылғанда жыл сайын 10 млрд теңге салық аударымдарын түсіреді. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
Екінші жоба – Маңғыстау облысындағы Каспий Ривьерасы, онда ҚР Премьер-министрінің қатысуымен туризм бойынша халықаралық ауқымды форум өтті. Жоба жағажай демалыс орны, гольф қонақ үйі, виллалар кешені, аквапарк және ойын-сауық орталығы сияқты бірнеше бастама аясында "Жылы жағажай" аумағын кешенді игеруді қамтиды. Жобаның жалпы бағалау құны 137,4 млрд теңгені құрайды, ал жоспарланған іске асыру мерзімі – 2024–2026 жылдар.
Елімізде туризм саласын мемлекеттік қолдау күшейтілді. Биыл мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. Тек 2024 жылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 млрд теңге мақұлданды.
Оқи отырыңыз: Два крупных туристических проекта завершат в 2026 году в Астане и Актау