Тікелей эфир

Қазақстанға келіп жатқан шетелдік компаниялардың күрт көбеюіне алаңдаған жөн бе?

Елге Ресейден көшіп келіп жатқан кәсіпкерлер саны 13 мыңнан асты.

Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялар саны 13 мыңнан асты. Сондай-ақ, осы елден көшіп келген кәсіпкерлер саны күн сайын артып келеді. Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, геосаяси ахуал шиеленіскелі Ресей компаниялары санкциядан қашып, Қазақстанға ағылған. Мысалы, жыл басында елімізде 11 500 ресейлік кәсіпорын тіркелсе, соңғы төрт айда аталған елден 1566 компания көшіп келген. Осы орайда, экономист Сәбит Рысбаев мұның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері барын бөлісті, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Мұнымен қатар, елге Өзбекстан мен Беларусь елінен келіп жатқан кәсіпкерлер саны көбейген. Мамыр айына дейін Өзбекстаннан – 205, Беларусь елінен 120 компания тіркелген. Осылайша шетелден көшіп келген кәсіпорындар мен шетелдіктердің қатысы бар жеке ұйымдар саны 40 мыңнан асты. Мамандар мұның максималды көрсеткіш екенін айтады. 

"Біріншіден, бұл компаниялар өзімен бірге жаңа технология алып келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті мамандардың біліктілігі артады. Бірақ шетелдік, оның ішінде ресейлік инвестор компаниялар болсын, олардың басты мақсаты – өз еліне барынша жоғары пайда түсіру. Мысалы, Қазақстанға "Яндекс" пен "Индрайвер" қызметі келгеннен кейін отандық таксопарк қызметі тоқырады деуге болады. Қаншама таксопарк пен фирмалар жабылды? Қаншама адам жұмыссыз қалды? Мұнымен қатар, осы такси саласында келетін қаражаттың барлығы Ресейге жөнелтілуде. Кей мемлекет жергілікті халықтың таксопаркін өлтіріп алмас үшін Американың Uber секілді ірі компаниясын шекарасына кіргізбейді. Осындай жағдайларға назар аудару керек сияқты", – деді Сәбит Рысбаев. 

Сондай-ақ, экономист әлемдегі геосаяси жағдай тұрақталған соң шетелдік компаниялардың өз еліне қайтып кетуі мүмкін екенін айтады. 


Оқи отырыңыз: Қашағанда газ өңдеу зауытын салып жатқан компания мемлекет меншігіне өтеді


"Қазақстанға келіп жатқан компаниялар өз еліне қайтып кетуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді салаға инвестиция салған компаниялар қалады деп ойлаймын", – деді Сәбит Рысбаев. 

Серіктестер жаңалықтары