2024 жылы алимент борышы мәселесі Қазақстанда өзекті тақырыптардың бірі ретінде қала бермек. Ресми деректерге сәйкес, алимент борышы бойынша қозғалған сот істерінің саны 12 мыңнан асқан, ал балалар алдындағы берешек көлемі 17 миллиард теңгеге жеткен.
"Алимент өндіріп алуға қатысты әлеуметтік маңызды істер санатына ерекше назар аудару керек. Себебі, 2024 жылдың қорытындысы бойынша осы саладағы проблемалы іс жүргізу саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешегі шамамен 17 млрд теңгеге жеткен", – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік атаулы көмек: Енді үміткердің қарыздары мен депозиттері туралы ақпарат сұралады
Ал депутат Снежанна Имашева бұл сома биыл 18 млрд теңгеге жеткенін айтты. Дәния Еспаеваның айтуынша, қазақстандық сот орындаушыларының жұмысына қатысты шағымдар саны әлі де төмендемей тұр. Бұл жағдай елдегі құқықтық жүйе мен атқарушылық қызметтердің сапасын қайта қарастыру қажеттігін алға тартуда.
"Тұрғындар көбінесе сот орындаушысының әрекетсіздігіне, құқықтарының бұзылатынына, тиесілі қаражаттың уақытында аударылмайтынына наразы. Әділет министрлігінің деректері бойынша былтырдың өзінде шағымдар саны 2 есе артып, 89 мыңнан асқан. Сонымен қатар соңғы екі жылда соттарға берілген шағымдардың саны 17 мыңға жеткен. Мұндай шағымдар депутаттардың атына да көп келеді", – деді ол.