Тікелей эфир

Қазақстандықтардың 60,4 пайызы АЭС салу идеясымен келіседі – сауалнама

Сауалнамаға Қазақстан өңірлерінен мың адам жауап берді.

"СОЦИС-А" Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана" жеке қоры АЭС құрылысы бойынша жүргізген сауалнаманың қорытындысын жария етті.  Оған 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан мың адам жауап берді. Бұл сауалнамада респонденттер "Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?", "Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?", "Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?" деген сұрақтарға жауап берді. 

Сауалнама қорытындысы келесіні көрсетті:

"Міндетті түрде барамын" (35,6%) және "Мүмкіндігінше баруға тырысамын" (20,2%) нұсқаларын таңдаған респонденттердің үлесі жалпы іріктеменің 55,8%-ын құрады. Осылайша, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың оннан бір бөлігінен астамы "референдумға қатыспаймын" деген (12,2%). Алдын ала болжанғандай референдумға қатысу/қатыспау туралы "әлі бір шешімге келмеген" респонденттердің үлесі жоғары болды (16,6%). 

Сауалнамаға қатысқандардың 13,6%-ы "бұл жаңалықты бірінші рет естіп отыр" (атом электр станциясын салуы мүмкін деген жаңалықты бірінші рет естіп отыр). Респонденттердің аз бөлігі (1,8%) бұл сұраққа "жауап беруге қиналамын" деп көрсеткен. 


Оқи отырыңыз: АЭС салу бойынша референдум: президент бірқатар нақты тапсырма берді


"Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?" деген сұрақта пікірлер эмоционалды ұстанымнан бастап толығымен прагматикалық дәлелдерге дейін құбылады. 

Мәселен, "азаматтардың денсаулығына әсер етуі ықтимал" және "экологияға әсер етуі ықтимал" деген эмоционалды пікірлері бар жауаптарды таңдау тиісінше 59,5% және 54,1% құрады. Бұл, ең алдымен, желіде АЭС салу ықтималдығы туралы алғашқы ақпарат пайда болған сәттен бастап мұндай жобалардың қауіптері туралы әртүрлі пайымдар тарала бастағандығына байланысты болуы мүмкін. 

Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан халық АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша прагматикалық ойлар айтқан: "Апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары" (43,1%); "Радиоактивті қалдықтарды басқару" (24,9%); "Кадрлық әлеует" (16%)* 

"Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа келісетіндердің үлесі 60,4% құрады. 

Сауалнамаға қатысқандардың 30,1%-ы АЭС салу идеясын қолдамайды. Сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам (9,5%) атом электр станциясының құрылысына қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқан. 


Оқи отырыңыз: АЭС бойынша референдумға мемлекет бюджетінен 15,5 миллиард теңге бөлінді


Зерттеудің жалпы қорытындысы:

  • Респонденттердің 55,8%-ы өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беруге ниет танытты; 
  • АЭС құрылысын қолдаушылардың үлесі 60,4%. 

Жүргізілген социологиялық сауалнама нәтижесінде әрі қарай жария түсіндіруді талап ететін экологиялық және техникалық қауіпсіздік критерийлерінің контуры межеленді. Атап айтқанда, халық денсаулық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ құрылыстың техникалық жағы және атом станциясының болашақ жұмысшыларының кадрлық құрамының кәсібилік деңгейі туралы алаңдайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары