Қазақстандықтар қазақ тілін жаңа сөздермен байытуға қатыса алады

Фото: "Қазақ тілі" қоғамы
Фото: "Қазақ тілі" қоғамы
Ел азаматтары ұсынған жаңа балама сөздер Терминология комиссиясының қарауына ұсынылады.

"Темірқазық" қоғамдық қоры мен "Қазақ тілі" қоғамы бірлесіп, жаңа құбылыстар мен заманауи ұғымдарға ұлттық сипаттағы балама табуды көздейтін "Жаңа сөз" жобасын бастады. Бұл туралы "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жазды. 

"Тіл – тірі организм. Ол үнемі өзгеріп отырады. Бұл тек қазақ тіліне ғана емес, жалпы барлық тілге қатысты құбылыс. Жаһандану заманында жаңа құбылыстарға қазақы балама табу – сөздік қорды байытудың жолы. "Жаңа сөз" бастамасы осыған үлес қосуды көздейді. Жоба идеясын қоғам қайраткері Әлихан Байменов ұсынып, бізге бағыт-бағдар көрсетіп отыр. Негізгі мақсат – қазақ тілінің лексикалық қорына ұлттық сипаттағы жаңа сөздер мен салалық терминдердің ұтымды баламасын енгізу", – деп жазды ол. 

Фото: "Қазақ тілі" қоғамы

Жаңа сөздердің аудармасы жүйелі, құбылыстың мәнін ашуға барынша қабілетті, жазуға ыңғайлы болуы шарт. Бұл ретте мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы және сауда салаларындағы өзгерістер ескеріледі. Жоба барысында калькасыз, қазақ тілінің байырғы қорынан алынған атауларға басымдық беріледі, сондай-ақ, түркі тілдерімен салыстырмалы зерттеулер жасалып, ғылым тілін ана тілінде дамыту тәжірибесі қолданылмақ.

"Тілдің иесі – халық. Ендеше сөздік қорды молайтуда ұлттың өз әлеуетін толық пайдалану – өмір мен заман талабы. "Жаңа сөз" жобасы осы бағыттағы бастама", – деді "Темірқазық" қорының төрағасы Әлихан Байменов.

Жоба til.kz платформасында жүзеге асырылады. Қазақстандықтар "Жаңа сөз" парақшасына кіріп, алдымен өзге тілдегі сөздің қазақ тіліндегі баламасын іздеп көреді. Дайын нұсқа болмаса, өз ұсынысын жолдай алады. Ұғым сипаттамасын мәтін, фото, аудио немесе видео форматында жіберуге болады.

Айына бір рет жоба сайтына келіп түскен сөздер қаралып, ұтымды нұсқалар Терминология комиссиясына ұсынылады. 

Серіктестер жаңалықтары