"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ және қорғаныс министрлігі қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактивті мемлекеттік қызметті іске қосты, деп мәлімдеді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
"Бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге осы саланы цифрландыру жоспарларын талқылаған болатынбыз. Сонда көтерілген мәселелердің бірі – әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту болатын. Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді. Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Мысалы, осы жылдың 1 наурызынан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады", – деді Бағдат Мусин.
Әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша тиісті ақпарат телефондарына хабарлама ретінде жолданатын болады. Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана хабарлама алады. Қазіргі күні 300 мыңнан астам әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерді.
Оқи отырыңыз: Әскери тұрғын үй төлемін алатындар тізімі толықты
"Бұл жоба – азаматтардың өмірлік жағдайын негізге ала отырып оларға белсенді қызмет көрсету арқылы "көрінбейтін мемлекет" жүйесін енгізудің тағы бір қадамы. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мен қорғаныс министрлігіндегі әріптестеріме үйлесімді жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді! Бұл қызмет Smart Data Ukimet жүйесі негізінде қорғаныс министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың жүйелерін интеграциялау арқылы жүзеге асты", – деді министр.