Тікелей эфир

Қазақстандық үш фильм "Азия Оскарын" жеңіп алды

Асхат Кучинчирековтың "Бауырына салу", Дархан Төлегеновтың "Ағайынды" және Айсұлтан Сейітовтың "Қаш" фильмі жүлдегер атанды.

Бүгін Австралияда Asia Pacific Screen Awards азиялық беделді киносыйлық жеңімпаздары анықталды. Үш қазақстандық фильм – Асхат Кучинчирековтың "Бауырына салу", Дархан Төлегеновтың "Ағайынды" және Айсұлтан Сейітовтың "Қаш" жүлдегер атанды.

Бұл үш туынды да режиссерлердің дебюттік жұмысы. Оның ішінде екі фильм, атап айтсақ, "Бауырына салу" мен "Ағайынды" Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген.

"Бауырына салу" фильмі "Үздік жастар фильмі" номинациясында жеңіске жетсе, "Ағайынды" картинасында басты рөлдерді сомдаған Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов "Үздік жаңа қойылым" жүлдесіне ие болды. Ал "Қаш" туындысы "Үздік операторлық жұмыс" номинациясында марапатқа ие болды.

 

"Азия Оскарының" бас жүлдесі – "Үздік фильм" номинациясын әйгілі неміс режиссері Вим Вендерстің "Тамаша күндер" атты жапон картинасы жеңіп алды. Биылғы жылы "Санденс" және Берлин кинофестиваліне қатысқан, фестивальдердің хиті болған "Өткен өмірлер" фильмі Селин Сонға ең үздік режиссер атағын әкелді. Кештің тағы бір фавориті Рюсуке Хамагутидің "Жауыздық жоқ" жапон драмасы қазылар алқасының Гран-приіне ие болды.

"Бауырына салу" фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды. Туындының тұсауы осы жылы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальде кесілді, онда ол "Жаңа режиссерлер" бағдарламасында көрсетілді.

"Ағайынды" фильмі былтыр қыркүйекте Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде "Кино рухы" сыйлығын жеңіп алды. Ал биыл сәуірде Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны 2022 жылдың "Үздік драмасы" деп таныды. Сонымен қатар, бұл фильм Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және Болгариядағы халықаралық кинофестивальдерде 10 марапатқа ие болды.

"Қаш" фильмі қазақ даласындағы 30-жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың қиын тағдыры туралы баяндайды. Қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады, бірақ жолда оған кезбе адам кездесіп, оны адастырады. Айта кетсек, Айсұлтан Сейітов жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде осы жұмысы үшін "Үздік режиссер" номинациясын жеңіп алды.

APSA сыйлығы 2007 жылы ЮНЕСКО мен FIAPF – халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының көмегімен Австралия Үкіметінің бастамасымен құрылған. Ол халықаралық марапаттар арасында маңызды орынға ие бола түсті және кинематографиялық әлемде "Азия Оскары" деп аталады.


Оқи отырыңыз: Режиссер Нұржан Еркінұлы: "Бөлек шығайық" фильмінің идеясы өз өмірімнен алынған


Сыйлық жыл сайын Азия-Тынық мұхиты аймағының 70-тен астам елінің өкілдері жасаған ең көрнекті картиналарды атап өтеді. Бұрынғы жеңімпаздар қатарында 2019 жылы "Үздік режиссер" номинациясында жеңіске жеткен белгілі қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов бар.  

Серіктестер жаңалықтары