Қазақстандық сарбаздар әскерде жүргізуші куәлігін ала алады

Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
"С", "D", "СЕ" және "DЕ" санаттары бойынша жүргізушілерді даярлықтан өткізу мүмкіндігі бар.

Қазақстандық сарбаздар әскерде борышын өтеу кезінде даярлық курсынан өтіп, жүргізуші куәлігін ала алады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған. 

"Сарбаздарға мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде тиісті жүргізуші куәлігін бере отырып, "С", "D", "СЕ" және "DЕ" санаттары бойынша жүргізушілерді даярлықтан өткізу мүмкіндігі бар", – делінген депутаттық сауалға берілген жауапта. 

Одан бөлек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін бірқатар елеулі артықшылық көзделген. Олардың қатарында келесі шаралар бар:

  • Айталық, жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеруде үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге жоғары оқу орнында оқуға мемлекеттік білім беру грантын бөлу (биыл 2300 грант бөлінді); 
  • мерзiмдi әскери қызметтен шығарылғаннан кейiн 2 жыл iшiнде Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң нәтижесiн ескермей, ақылы негізде оқуға, оның ішінде магистратураға түсу мүмкіндігі; 
  • мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқудың бірінші жылында жатақханадан орынды басымдықпен алу құқығы;
  • мерзімді әскери қызмет өткеру мемлекеттік білім беру гранты есебінен жоғары оқу орны мен колледжде білім алуына байланысты жұмыспен өтеуге теңестіріледі; 
  • бастапқы әскери даярлықты оқытушы болып жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру (тиісті педагогикалық білімі болса).

"Сонымен бірге, заңнамалық деңгейде екінші деңгейдегі банктердің, микрокредиттік және коллекторлық ұйымдардың мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге негізгі борыш бойынша төлемдердің мерзімін, банктік қарыз, микрокредит бойынша сыйақыны есептемей, мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейін 60 күнді қамтитын кезеңге сыйақыны кейінге қалдыру міндеті бекітілген", – деп жауап берді Серік Жұманғарин. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары