
Биыл жетінші мәрте өтіп жатқан Eurasian Creative Guild Film фестивалінде биыл қазақстандық қысқаметражды екі фильм – Қайша Рахимованың "Понча" және Әсем Қуанышбаеваның "Қоңырау" атты фильмдері негізгі байқау бағдарламасына енді. Қазақстаннан фестивальге барлығы 8 фильм ұсынылған болатын.
Негізгі бағдарламаға енген фильмдер 26 және 27 мамырда The Mercury Shopping Centre орталығындағы Lumiere Romford кинотеатрында көрсетіледі.
Қазылар алқасының мүшесі Эвелина Барсегянның айтуынша, "Пончада" балалық әлем сезімге толы әрі дал суреттелген. Балалық қиял шындықпен астасып жатады.
Ал "Қоңырау" айып, таңдау және салдарды зерттейтін күрделі драма болып шыққан.
Қазақстандық фильмдердің ECG фестиваліне қатысуы Ұлыбританияның кино нарығына шығуына мүмкіндік береді. Жеңімпаз кинолар Ұлыбритания кинотеатрында екі апта бойы көрсетіледі. Қазір бұл бағытта Romford Film Trust негізін қалаушы Спенсер Хоукенмен келіссөздер жүріп жатыр.
Сондай-ақ, фестиваль аясында қазақстандық суретші Жазира Жаңабаеваның шағын көрмесі өтеді.
Айта кетейік, Eurasian Creative Guild Film фестиваліне 23 елдің режиссерлері қатысып жатыр. Олардың қатарында Австралия, Қытай, АҚШ, Канада, Испания, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдер бар.
Фестиваль жеңімпаздары 27 мамырда белгілі болады.
Оқи отырыңыз: Президент: Жеке қаржыға түсірілген фильмдерді сүзгіден өткізу керек