Тікелей эфир

Қазақстандық 4 ЖОО Times Higher Education әлемдік рейтингіне енді

Отандық университеттер арасында тізімді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бастап тұр.

Қазақстанда Times Higher Education беделді әлемдік университеттер рейтингіне енген университеттер саны артты, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

World University Rankings 2022 рейтингіне қазақстандық 4 университет кірді. Олар:

  • әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
  • Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
  • Satbayev University;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.

Тағы қазақстандық 10 университет Times Higher Education Impact Rankings 2022 әлемдік рейтингіне енді. Үздіктер қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нархоз университеті, Almaty Management University, Қарағанды Қазтұтынуодағы университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Сүлеймен Демирел атындағы университет бар.


Оқи отырыңыз: ҚазҰУ ректоры: университет QS жаһандық рейтингі бойынша 165-орында


"Бұған дейін QS Emerging Europe and Central Asia университеттері рейтингіне қазақстандық 31 университет енгізілген болатын. Қазір Қазақстанның 10 университеті Times Higher Education Impact Rankings 2022 рейтингіне енді. Бұл отандық университеттер әлемнің жетекші университеттерімен бәсекеге түсіп, халықаралық стандарттар мен уақыт талабына сай білім береді", – деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова.

Times Higher Education Impact Rankings университеттерді Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес бағалайды. ЖОО рейтингі 4 көрсеткіш бойынша жүргізіледі:

  • өзекті бағыттар бойынша зерттеулер жүргізу;
  • ТМД негізгі факторларын басқару;
  • университеттің аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейдегі рөлі;
  • студенттерді тұрақты даму мақсаттарына сай тәрбиелеу.
Серіктестер жаңалықтары