Топырақты кешенді қорғауға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға арналған заң мақұлданды.
Депутат Зәкіржан Кузиев бастамашы болған "Топырақты қорғау туралы" заң және оған ілеспе "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне топырақты қорғау, жер қатынастары және агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екі оқылымда қаралып, бүгін мақұлданды. Осыған орай ҚР Сенатының соңғы отырысында Зәкіржан Кузиев баяндама жасады.
"Топырақты қорғау туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне топырақты қорғау, жер қатынастары және агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдары топырақты қорғау саласында жүйелі мемлекеттік саясаттықалыптастыруға, оны тиімді пайдалануға, құнарлылығын сақтауға және тозуданқорғауға бағытталған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында түбегейлі өзгерістер қажет болып отыр. Топырақ қайта қалпына келмейтін ресурс және Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің негізі", – деді сенатор Зәкіржан Кузиев.
Топырақтың жағдайына агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығы, ауылдық аумақтардың дамуы және азаматтарымыздың әл-ауқаты тікелей байланысты.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, климаттың өзгеруі мен адам әрекетінің салдарынан еліміздің көптеген өңірлерінде жердің деградациясы күшейіп, жердің шөлге айналу қатері артып отыр, дейді осы заңға бастамашы болған депутаттар.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, зерттелген 53,5 миллион гектар жердің 2,7 миллион гектары деградацияға ұшыраған. Бұл көрсеткіштер мәселенің тек экологиялық сипатта ғана емес, елдің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігінің негіздеріне әсер ететін жүйелі қауіп екенін көрсетеді", – деді Зәкіржан Кузиев.
Оның айтуынша, бұл жай ғана кезекті заңды қабылдау туралы емес.
"Бұл – еліміздің болашағы мен келер ұрпақтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін стратегиялық ресурсты сақтау мәселесі. Жоғарыда айтылған барлық нормалар жұмыс тобының, комитеттің және комитеттің кеңейтілген отырыстарында барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен жан-жақты талқыланды. Заңдар бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінен ұсыныстар мен ескертулер түскен жоқ", – деді ол.