Тікелей эфир

Қазақстанда жылына 130 мың тонна қант өндіретін зауыт салынады

2023 жылы республикада қантты ішкі тұтыну көлемі 507 мың тоннаны құрады.

Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен қант зауытын салу бойынша инвестициялық ұсыныс таныстырылды.

Жобаны "К-Агро Холдинг" және "Бәйтерек" холдингі жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Болашақ зауыттың орны Жамбыл облысында деп белгіленді.

Жоба бойынша, зауыттың өңдеу қуаты тәулігіне 8-10 мың тоннаны құрайды, бұл жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеуге және 130 мың тоннаға жуық қант өндіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңдеу қуатын арттыру үшін жұмыс істеп тұрған қант зауыттарына жаңғырту жүргізілуде. Бұл жұмыс жаңа зауыттың құрылысымен бірге Қазақстанға қант бойынша импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуге және қант қызылшасынан тереңдете қайта өңделген өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қант қызылшасын өңдеу бойынша жалпы тәуліктік қуаты 8,7 мың тонна және 2,4 мың тонна қамыс құрағын өңдейтін 4 қант зауыты жұмыс істейді.

2023 жылы республикада қантты ішкі тұтыну көлемі 507 мың тоннаны құрады. Ел қажеттігінің негізгі көлемі ЕАЭО елдерінен дайын қантты импорттау және қамыс құрағын өңдеу есебінен қамтамасыз етіледі.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары