Тікелей эфир

Қазақстанда жиһаз бен тұрмыстық заттардың бағасы бір жылда 11,8% қымбаттады

Өндіріс көлемінің артуы бағаны ауыздықтай алмады.

Өткен жылы елімізде 82,6 миллиард теңгеге жиһаз өндірілген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27,7% көп. Өндіріс көлемінің артуы бағаны ауыздықтай алмады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Energyprom зерттеуіне сүйенсек, соңғы бір жылда электр люстралары 15,7%-ға, шкафтар – 14,6%-ға, ванна бөлмесіне арналған аспалы айналар – 13,9%-ға, үстелдер – 12,4%-ға, орындықтар – 11,4%-ға, дивандар – 10,6%-ға, жатын бөлмелеріне арналған жиһаз жиынтықтары – 7,5%-ға көтерілген. Бағаның өсуін Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының тұрғындары қатты сезген.

Жиһаздың бағасы аспандап тұрған өңір – Ақмола облысы. Бұл аймақта тұрмыстық заттар, төсек, үстел, орындық пен диванның құны бір жылда бақандай 27,7% өсіпті. Кәсіпкерлер бағаны амалдың жоқтығынан көтергендерін айтуда. Айтуларынша, жиһаз жасауға қажетті құрылыс материалдар арзан тұрмайды. Оған қоса, шикізат көрші елдерден әкелінеді.

"Жиһазға қажетті материалдарды Ресейден аламыз. Олардың бағасы қазір қымбаттады. Сәйкесінше біз де бағаны көтеруге мәжбүрміз. Материалдың сапасы артқан сайын жиһаздың да құны өседі. Мен жұмыс істеген соңғы 3 жылда жиһаз бағасы екі есеге қымбаттады. Бұрын әлдеқайда арзан болатын", – деді кәсіпкер Ержан Мұхамбетов.

Елімізде киімге арналған шкафтардың бағасы бірден 14,6 %-ға пайызға өсіпті. Құны шарықтаған тауарлар қатарында жуынатын бөлмеге ілетін айналар, үстелдер мен орындықтар, диван мен жатын бөлмеге арналған жиһаз жиынтықтары бар. Тұрғындар қымбатшылықты сезініп, қалтаға кәдімгідей салмақ түсіріп жатқанын жеткізді.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жыл басынан бері қандай өнімдердің бағасы айтарлықтай өсті?


Соңғы рет жиһаз құнының өсуі өткен жылдың қазан айында байқалған.. Қазір жиһазды арзан бағаға тек Жамбыл, Павлодар мен Ақтөбе облыстарынан табуға болады.

Серіктестер жаңалықтары